Салем Достар блогка кирмегениме коп болды типти паролимди де умытып калыпын
Имамдарға тапшылық болмайды March 9, 2009
Ақтөбе облысында имамдар тапшылығын болдырмау мақсатында былтыр ғана ашылған «Нұр-ғасыр» мешіті жанынан ер жігіттерге арналған медресе де жұмыс жасай бастады. Жарты жылдан бері онда 12 бозбала ислам негіздерін тереңдетіп үйреніп келеді. Медресе ұстаздарының пайымынша, үш жылға жуық уақытта түлеп шығатын имамдар өңірдегі имамдар тапшылығы мәселесін шеше алмайды. Сондықтан, алдағы жылдары медресе ауқымын ұлғайтып оқушылар санын көбейту де көзделіп отыр. Айта кетейік, бүгінде мүфтият тарапынан ашылған медреселер еліміздің тек санаулы қалаларында жұмыс жасайды. Астана, Шамалған, Шымкент, Павлодар, және соңғысы Ақтөбе қаласында ашылды. Ақтөбедегі діни тәлім беру мекемесі директорының оқу ісі жөніндегі орынбасары Мұхаммет Шәмшіұлының айтуынша, 2008-2009 оқу жылында медресеге 14 шәкірт қабылданып, бүгінде 12-сі тәлім алуда. О баста үміткерлерге 17-25 жас аралығындағы бойдақ жігіттер болу керек деген талап қойылды. Талапкерлерге сонымен бірге ислам негіздерін білу керек деген шарт қойылыпты. Оларға 7 білікті ұстаз дәріс оқып келеді. – Облыста ешқандай имамдар дайындайтын орындар болмады. Ауылдық жерлерде, жасыратыны жоқ, имамдардың не дипломы, не лиценциясы жоқ. Мұндай қадамдарға амалсыздықтан жол беріліп келеді. Ал имамдар халықтың көзін ашу керек. Иманға бұру керек. Ал медресені ашудағы мақсат, имамдар даярлап, түлектеріміз ауыл-аймақтарда мешіттерде жұмыс жасаса деген. Ал олар тек халықпен жұмыс қана қоймай, келешекке шәкірт даярлай алатындай болулары тиіс. Жалпы қазіргі 12 оқушымен өңірдегі мәселені шешу мүмкін емес. Сондықтан алдағы күнге жоспарымыз көп. Құжаттар әзірлеу үстіндеміз. Кейде тіпті, мешіт ішіндегі медреседе орын аздығы да байқалады. Кейін өз алдына отау тіксе де артықтық етпейді. Бастапқы екі үш жылда 12-15 түлек ұшырармыз. Ал болашақта оқушылардың санын ұлғайту керек-ақ, – дейді Мұхаммет Шәмшіұлы. Медреседегі сабақ кестесіне келер болсақ, ұстаздың хабарлауынша, шәкірттер аптасына алты күн бойы күніне 7-8 сағат білім алады. Негізінен ислам, араб тілі, құран, тәжуид, тәпсір, хадис секілді пәндерді оқиды. Демалыс тек жексенбі. Жатақханасы, жуынатын бөлмесі, асханасы, барлығы-барлығы осы жаңа «Нұр-Ғасыр» мешітінің ішінде орналасқан. Алты адамнан екі бөлмеде жатады. Медресенің ашылып, аяққа тұрып жұмыс жасап кетуіне септігін тигізген бірден-бір ұстаз Әлібек Төлеубайдың сөзіне қарағанда, шәкірттер күнделікті кезекшілік етеді. Өздерінің жатын орындары мен әр астан кейінгі орынды өздері жинайды. Бүгінде дәріс оқып жатқандардың қатарында Талғат, Бауыржан, Әли, Әлібек, Төлеген, Зайрулла секілді бас-аяғы жеті білікті ұстаз бар. Олар Бұхара, Самарқанд, Қазан, Ыстамбұл секілді қалаларда білім алған. Медреседе, сондай-ақ психология, әлеуметтану, мәдениеттану, экономика, информатика сынды дүниеуи пәндер де оқытылады. Қазақ тілі мен Қазақстан тарихы, тіпті дене шынықтыру пәндері және қарастырылған. Рас, аптасына бірнеше сағат болашақ имамдар далаға шығып жүгіреді. Алдағы уақытта олар үшін арнайы бөлме де дайындалады. Имам десе тек шапан киіп, басына сәлде ораған молданы елестуге болмайды. Имам галстук киіп, костюм-шалбарменде жүре алады. Спортпен айналысса ол өзінің денсаулығы үшін. Айта кету керек, медреседегі оқу бағдарламасы өзге зайырлы оқу орындарындағыдай стандартқа сай болуы тиіс. Сондықтан осы мақсаттарда Діни басқарма тарапынан жұмыстар жүргізілуде. Әлібек Төлеубайдың айтуынша, шәкірттердің үлгерімі әр қилы. Бірі көбірек біледі. Екінші бірінің деңгейі әлсіздеу. Олардың білім көрсеткіштері өзге оқу орындарындағыдай бағалармен өлшенеді. Семестр сайын қорытындыланып, мүфтиятқа есеп беріледі. Шәкірттер негізінен, Байғанин, Әйтеке би, Темір, Мұғалжар аудандарынан. Байғанин ауданынан білім іздеп келген 22 жасар Жандос Ұзақбаев болашақта, медресені аман-есен тауысып шықса, өз ауылына барып имамдық етпек ойын айтады. – Мұнда келуге ауылдағы мешіт имамы Ғабит ұстазым себепші болды. Келгеніме алты айдың жүзі болды. Баастапқыда сәл қиналғанымды жасырмаймын. Құран жаттадық. Бүгінде ауылдағы мешітте Мәди ағай имамдық етуде. Ол «Нұр-Мүбаракта» оқып келген, – дейді Жандос Ұзақбаев. Бұл ретте айта кету керек, үш жыл медреседе оқып шығып, түлектер ауылдарына қайта барып, имам болу керек. Алайда, өмір өзгеріссіз болмайды. Адам ойы да жоспары да ауытқыуы мүмкін. Сондықтан, әр шәкіртпен нақты «сен міндетті тұрде ауылда имам болу керексің» дегенге саятын келісімшарт жасалмаған. «Бізде барлығы сенімге негізделген. Жігіттер саналы, әйтеуір қызмет ету керектігін өздері түсінеді деген оймен ешқандай шартқа отырыспадық» дейді медресе жетекшілігі.
Асқар АҚТІЛЕУ (Аскар АКТЛЕУОВ) 22-02-09
Екі жастағы сәби әке қолынан мерт болды March 9, 2009
Әке қолынан соққы алған екі жасар сәби араға күндер салып көз жұмды Ақтөбеде Есет батыр көшесіндегі үйлердің бірінде үйге мас күйінде оралған әкей ашумен кішкентай сәбиінің басынан ұрған. Бұл уақытта үйде сәбидің анасы болмаса керек. Қатты соққыдан бала жабық бас ми жарақатын алып, ауруханаға жеткізілді. Сот-дәрігерлік сараптама қорытындысына қарағанда, нәрестенің басының ми бөлігі зақымданыпты. Облыстық ішкі істер департаменті тіл саясаты және ақпарат бөлімінің инспекторы Ерболат Сарқұловтың хабарлауынша, нәресте облыстық балалар ауруханасына 17 ақпан күні жеткізілген. Ал осы аптаның басында, 23 ақпан күні көз жұмды. Аталған жайтқа қатысты 30 жасар әкені қылмыстық жауапкершілікке тарту жөнінде мәселе қарастырылып жатыр.
Оқушы футбол қақпасының астында қалды March 9, 2009
Сейсенбі күні «Мұнайшы» стадионында мектеп жасындағы балалардың бірі оқыс жағдайда мерт болды. Футбол алаңында қуыспақ ойнап жүрген оқушылардың біріне ауыр темір қақпа құлап кетіп, ойын баласы оқиға орнында жан тапсырды. Алты жасар Әбілқайыр Әдікен отбасында жалғыз бала. Достарымен бірге жүрген оның қалай қақпа астында қалғаны қазір анықталу үстінде. Ал балалар бұл уақытта қуыспақ ойнап жүргендіктерін айтады. Облыстық төтенше жағдайлар департаментінен хабарлағандай, ойын балаларының үстіне қақпа құлаған сәтте, Әбілқайыр қашып үлгермегенге ұқсайды. Айта кету керек, футбол қақпасының жиегіне қан жұққан. Айналасындағы қан дақтары қармен көміліпті. Осы маңдағы орта мектептердің бірінің жетекшісі Галина Ломбинаның айтуына қарағанда, Әбілқайыр бірінші сыныпта оқыған. Стадионда сол қаралы күні біраз оқушы ойнап жүрген. Бала өліміне куә болған ойын балалары естерін жия алмай мектепке келуден де қалған. Стадион қызметкерінің айтуына қарағанда, қақпа жерге бекітілмеген. Мұнда жақын маңдағы мектептер мен колледждердің, тіпті өзге аулалардың да тұрғындары келіп спортпен айналысады. Ал олардың барлығын бірдей бақылау мүмкін емес. Осыған дейін жекенің қолында болған стадион былтыр ғана мемлекет меншігіне алыныпты. Бүгінде ол Олимпиада ізбасарларын даярлау мектебінің балансында. Белгілі болғандай, стадионды қайта салу жөнінде бастама көтерілген. Оны жүзеге асыру үшін жобалау-сметалық құжаттарының әзірленгеніне қарамастан, дағдарысқа байланысты қаражат тапшылығы сезіліпті. Ғаламтордағы мәлметтерге сүйенсек, өткен жылы осыған ұқсас қайғылы жағдайлар Ресейдің бес қаласында болған. Екеуінде футбол қақпасы дене тәрбиесі пәні кезінде оқушыларға құлапты.
26-02-09
Саммит қарсаңында үздік даяшылар сайысы өтті March 9, 2009
Қазақстан және Ресей президенттері қатысады деп жоспарланған шекаралас облыстардың V форумы қарсаңында Ақтөбе облысында мейрамханалар арасында үздік даяшылар анықталды. Үздік деген атқа лайықтыларды ресейлік және еліміздің ресторан бизнесінің майталмандары іріктеді.
Мұндай шара, қалалық кәсіпкерлік бөлімінің бастығы Анар Ерғалиеваның айтуынша, Ақтөбеде алғаш рет өткізіліп отыр. Жарысқа қала мейрамханаларынан 22 өтініш түсті. Білікті қазылар алқасы олардың тек 6-уын ғана таңдап, осы үздіктердің арасынан ең үздігін анықтады.
Даяшылар сайысына облыс орталығындағы «Альбион», «Жастық», «Корона», т.б. мейрамханаларының даяшылары қатысты.
Анар Ерғалиеваның айтуынша, даяшылар өз жұмысының қандай маңызды екендіктерін аңғара түсті.
— Өзгелерге қарады, өздерінің біліктіліктерін екшеледі. Мұндай сайыстарды әрдайым өткізіп отыру керек, — дейді ол.
Басты шарттардың қатарында дастарқан безендіру, ұсынылатын тағам температурасын сақтау, т.б. болды. Мұндай шаралар Еуропа мемлекеттерінде әрдайым өткізіліп тұрады.
— «Жастық» мейрамханасының даяшысы үздік деп танылды. Реті келгенде айта кету жөн, бірқатар мейрамхана әкімшілері шараға қатысудан бас тартты. Ресейлік мейрамхана бизнесінің майталмандары келіп, жақсыны іріктеп, арнайы семинар-тренингтер өткізу — күнде бола бермейтін игі мүмкіндіктер. Мұндайда әр мейрамхана өз даяшысынан айырылып қаламын деген үрейден ада болу керек. Өйткені, Ақтөбеде арнайы мейрамхана қызметкерлерін үйрететін оқу орындары жоқ. Шетелде оқыту тым қымбатқа түседі. Бұл жолғы семинар-тренингтің қаражатын қалалық әкімдік өз мойнына алғанын да айта кеткен жөн. Мейрамханалардың көк тиыны да шықпайды. Оның үстіне, егер қандай да бір мейрамхананың даяшысы үздік деп танылса, онда сол мейрамхананың имиджі артып, келушілер саны да артуы бек мүмкін. Өйткені, мейрамхана тек тамақтану орны емес. Тамақты үйден де ішуге болады. Бұл ретте басты орында тағамның түр-түрлілігінен өзге, қызмет көрсету түрлері де маңызды. — дейді Анар Нұрлыбекқызы.
— Мен үшін ресейлік мамандардың бағасы маңызды болды. Соны өзім де білгім келіп отырған. Олардың пайымынша, Ақтөбеде мейрамханадағы қызмет түрлері жақсы деңгейде.
Даяшылар өз кезегінде ситуациялық жауаптарға жауап іздеді. Мысалы, егер кеш уақытта мейрамханаға келушілер арасында шу шықса, қандай әрекет ету керек, қайткенде келушінің көңілін аулауға болатынына бас қатырды.
Ендігі уақытта мұндай сайыстар Ақтөбеде үнемі өткізіліп тұрмақ. Оған, мейрамхана басшыларынан бұрын, қалалық кәсіпкерлік бөліміндегі шенеуніктер мүдделілік танытуда.
— Егер біз дамыған 50 елдің қатарынан орын алғымыз келсе, қай салада да жақсы көрсеткіштерге қол жеткізуіміз керек. Біздерге инвесторлар келеді, небір меймандар келеді, солардың талабына, талғамына сай мейрамхана қызметі де жақсаруы тиіс. Ол үшін мейрамхана басшылары мүдделі болуы керек. Тіпті даяшыны оқыта да білу керек. Даяшы — мейрамхананың айнасы іспетті, — дейді А. Ерғалиева.
Асқар АҚТІЛЕУ
Қара алтынның қызығын қазақтар қашан көреді? March 9, 2009
Еліміздегі мұнай өндіру компаниялары әлеуметтік салаларға жыл сайын инвестиция құю жөнінде келісім құжаттарға қол қойып-ақ келеді. Дегенмен, әлеуметтік зерттеулер «қарапайым халықтың мұнайшылар бөлген қаражаттан құр алақан екенін» көрсетіп отыр. Неліктен мұнайлы елдің азаматтарынің жағдайы әлі күнге мүшкіл деген сауалдар қоғамдық ұйымдарды әлдеқашаннан бері алаңдатып келеді. Таяуда ақтөбелік «Жансая+» қоғамдық ұйымы «Мұнай өндіру компанияларындағы әлеуметтік-инвестициялық жобалардың мөлдірлігі мониторингі» тақырыбында басқосу өткізді. Онда аталған қоғам өткен жылдың соңғы айларынан биылдың мамыр айына дейінгі аралықтағы Темір және Мұғалжар аудандарында жүргізілген әлеуметтік зерттеу жұмыстарының қорытындысын жария етті. — Кезінде Елбасы Нұрсұлтан Назарбаев Тони Блэрдің бастамасын қолдап, өндіру компанияларындағы мөлдірлік қағидасы орындалуы керектігін меңзеген болатын. «СНПС-Ақтөбемұнайгаз» компаниясы Ақтөбе облысындағы ірі салық төлеуші болып саналады, сондай-ақ бұл мекеме әлеуметтік салаға қомақты қаражат аударады, — деп мәлімдеді «Жансая+» қоғамдық ұйымының төрайымы Мәрия Омарова. — Алайда жергілікті халық мұнай өндірілетін аудандардағы шешімі табылуы тиіс мәселелер жеткілікті дейді. Төрайымның айтуынша, бір ғана «СНПС-Ақтөбемұнайгаз» акционерлік қоғамы әлеуметтік салаға соңғы бес жылда 2,5 миллиард теңге бөліпті. Осыншама қаражат, Мәрия Омарованың сөзіне қарағанда, облыс әкімдігі мен мұнай өндіруші компаниясы арасында қол қойылған меморандум бойынша бөлінген. Алайда, зерттеу қорытындылары, жергілікті халықтың жағдайы әлі де болса сын көтермей отырғандығын алға тартады. Сауалнамаға тартылған Темір, Мұғалжар аудандары тұрғындарының 92 пайызы қытайлық инвесторлардың қаражатты не үшін бөліп жатқанынан мүлдем бейхабар екен. «Жансая+» қоғамдық ұйымы директорының сөзіне сенсек, сұралғандардың тек екеуі ғана «СНПС-Ақтөбемұнайгаз» компаниясынан қамқор көргенін айтыпты. Мұнай компаниясынан бір азаматтың зейнетақысына 3 мың теңге қосымша төленсе, екінші азамат Ұлы жеңістің 60 жылдығы қарсаңында 30 мың теңге сыйақы алыпты. Өзге сұралғандар не өздері, не таныстары ешқандай көмек болмағанын айтыпты. «Қытайлық компания меморандум аясында жедел жәрдем көліктерін тарту етеді де, жер-дүниеге паш етуден жалыққан емес. алайда қазақ жерінен түсіріп жатқан мол табыстың жанында санаулы «Соболь» медициналық машиналары тамшыдай ғана. олардың өзі де, білетіндердің айтуынша, су арзан көліктер екен. Жергілікті тұрғындар қатарынан әлеуметтік сауалнамаға тартылғандардың 88 пайызы өз өңірлеріндегі басты проблема жол екенін алға тартса керек. Расында мұнайлы өлке — Жаңажол жолының жыры әлі таусылар емес. Кедір-бұдыр жолмен жүрудің өзі мұң. Жергілікті «оппозиционерлер» Жаңажолға тартар жолдың қашан жөнделерін айта-айта шаршады. Қатардағы халық, әсіресе қыстыгүндері қиналады. Ал қытайлар мен солардың қасында жүрген қазақ дөкейлер джиптермен жөңкиді. Тіпті жамауға да келмейтін жолдың жыры бітпес… Зерттеушілердің мәліметеріне сүйенсек, сауалнамаға қатысқандардың 44 пайызы экология мәселесін түптепті. шұбарқұдық, Кеңкияқ елді мекендеріндегі экологиялық ахуалды мұнай өндірісімен байланыстырса, Мұғалжар ауданы орталығының тұрғындары жергілікті спирт зауытынан «тұншығып» жатқандарын айтады. Аталған екі ауданда әлеуметтік жағдай да сын көтермейді. Қандыағаш тұрғындары жылу жүйелерінің істен жиі шығатынын алға тартса, Темір халқы ауыз судың сапасыздығын айтып налиды. Соңғы аталған Темір ауданына қарасты Кеңкияқ ауылында осыдан санаулы жылдар бұрын ондаған адам ауыз судың сапасыздығынан ішек ауруларына шалдығып, өңірде төтенше жағдай жарияланғанын халық ұмыта қоймады. Осы өңірлердегі экологоиялық ахуалды, оның халық денсаулығына тигізер зиянды салдарын ширек ғасыр дәрігерлік стажы бар Ізімғали Көбенов те жиі айтады. Алайда оған құлақ асар жан жоқ. Мұнайшылар жылда бөлетін қыруар қаржы қалай жұмсалуда деген сауалға жауап іздеген қоғамдық ұйым өкілдері тағы бір қызықты жайтты ңшетін шығарды. Мәрия Омарованың сөзіне қарағанда, инвесторлар бөлген 25 миллион теңге су асты жүзу федерациясына, 12 миллион теңге шөп үстіндегі хоккейге бөлініпті-міс. Алайда, бұл тек қытайлық компания берген мәлімет қана. Шын мәнінде олардың қалай, қайда жұмыс жасап жатқаны және белгісіз. Қоғамдық ұйымдар ұйымдастырған дөңгелек үстелге жергілікті билік пен бірқатар қоғамдық бірлестіктердің өкілдері қатысты. Шақырту қағазын ала тұра «СНПС-Ақтөбемұнайгаз» компаниясының өкілдері келуді артық санағанға ұқсайды. «Әлеуметтік жобаларға қытайлық компания қызығушылық танытпағанын осылайша дәлелдеп отыр» дейді шараны ұйымдастырушылар. Реті келгенде айта кеткен жөн, әлеуметтік салаға мұнайшылар бөлген қаржыны қалай үлестіру керектігі жөнінде жергілікті тұрғындардың мүддесімен санасып жатқан ешкім жоқ. «Жансая+» қоғамдық бірлестігі келтірген деректерге сенсек, сауалнамаға қатысқандардың 68 пайызы әлеуметтік қажеттіліктерге бөлінетін қаражатты алдымен қандай мәселені шешуге бөлу керектігі туралы кеңестерге қатысқылары келеді екен.
Асқар АҚТІЛЕУ
Ақтөбелік Дакаскос Алматыны «бағындырды» March 9, 2009
Жол апатына түсіп, мүгедек атанған Рүстамның қиындыққа мойымай, жеңе білгендігі көпке үлгі. Ақтөбеде, тіпті, елімізде десек те қате айтпаған болармыз, алғашқы болып капоэйра мектебінің негізін қалаған Рүстам Балабаев бразилиялық ұстазынан сертификат алды. Оның шәкірттері Ақтөбеде қалды. Ал ұстаз Рүстам Алматыны «бағындырды». Республика бойынша капоэйра мектебі осы екі қалада жұмыс істейді. Рүстамның телефон арқылы хабарлауынша, бүгінде Алматыда 40 жасөспірім тәлім алуда. Ал, қаламызда спорттың осы түріне қызығушылық танытқандар саны 70-ке жетті.
Сүйемелденетін жаттығулар
Апта сайын капоэйра мектебінде кезекті рода болып тұрады. Рода дегеніміз, Рүстамның айтуынша, игерген біліміңді қалай, қайда қолдану қажеттігін анықтау амалдарының бірі. Он шақты адамнан бес қатарға тізілген сап алғашқы жаттығуларын бастайды. Күш барлық дерлік дене мүшесіне түсетінін де аңғару қиын емес. Он минуттай дайындық негізгі родамен жалғасады. Сегіз бұрыш жасап тұра қалған капоэйраны үйренушілер арнайы аспап сүйемелімен қолдарын шапалақтап, португал тілінде ән айта бастайды.
Қызықтың көкесі енді басталады. Ортаға екі адам шығып, дене бітімінің барлығын қозғалысқа салып, түрлі акробатикалық қимылдар жасай отырып, өзара жарысқа түседі. Шынымен-ақ, бір тайпаның арасына түсіп кеткендей боласың. Барын салып, дауыстап ән де айтып жатыр. Негізгі талаптарды бірі болған соң, би де орындалып жатыр. Ортаға шығып, өнерін көрсету өз алдына. Сөзбен жеткізу қиын..
Бір сағаттан соң шағын үзіліс жарияланады. Осы уақытта оқытушы біреуінің жетістігін, біреуінің кемшілігін айтып, ақыл-кеңесін берді. Сәлден соң, келесі кезең басталады. Ерекшелігі де жоқ емес. Әуелде айналып секіру, денені жоғары ұстап баспен бұрылу, қарсыласына жол беріп алмау, күрес, шайқас… қол жұмсау басталады. Аяқпен тебу деген де кетіп жатыр…
Қимылдары өте шалт келеді. Екі сағатқа созылған роданың соңында шәкірттер аспаптарда ойнап көре бастады. Аспаптар туралы айтар болсақ, атабеке, беримбау, сурду, конго дегендері тек сонау Бразилияның өзінде ғана әзірленеді екен. Оларды Рүстам кейіннен өзі сатып алған. Бұл мектептегі дайындық жұмыстары аптасына үш рет жүрізіледі.
Рүстамды жол апаты да тоқтатпады
Капоэйраны кәсіпқой деңгейде игеруге талпыныс жасаған Рүстам туралы айтар болсақ, мамандығы – экономист-бухгалтер. Қазақ, орыс, ағылшын, араб, түрік, португал тілдерін меңгерген. Күрес өнеріне қызығушылығы басым ол да бастауыш сыныптарда оқып жүргенде-ақ таэквондо, бокс өнерін игере бастайды. Ер жете спорттың өзге түрлерімен де айналысады.
Алайда, жол апатына ұшарып, жарты жылдай төсек тартып қалғанда «спорттан мүлдем қол үземін бе?» деп те үрейленген. Дәрігерлердің «ауыр жұмыс жасама» деген кеңестері де Рүстам үшін көптен қол үзгендей әсер қалдырады. Жаны қиналғанда шынайы деп жүрген достары да келіп көңілін сұрамаса керек. Оның мүлдем жүре алмай қалуы да мүмкін еді.
«Енді жүру мүмкіндігінен шектелсем не болады?» деген ойлар Рүстамға маза бермейді. Жалғыздыққа душар болғанда жәрдемшісі тек Аллаһ болыпты. Болашақтан үмітін үзбеген Рүстам Жаратқан Иеге жалбарынудан жалықпапты. Рүстам Құранды еркін оқып, бес уақыт намазын қаза қылмайды. Уақыт өте Рүстам үй шаруашылығына кірісуді жөн санайды. Жастары келіп қалған ата-анасына қолғабысын тигізу үшін бақшада да жұмыс жасайды. Күрекпен жер қазып, «қойсаңшы, демал» дегенге құлақ аспайды. Күндердің күнінде қаладағы мекемелердің біріне бухгалтер болып орналасқан ол көп ұзамай өмірінің мәні өзгеде екенін ұғады. Жұмыс берушілерінің «қал, керексің» дегеніне қарамастан, сұрастырып, ізденіп жүріп, Интернет арқылы танысқан капоэйрашылардан алған кеңестерін пайдалана отырып, Ақтөбеде капоэйра үйрететін шағын әуесқой клуб ашып алады.
Капоэйрашыға жеті өнер де аз
Алғашында бар білгені Мар Дакаскостың «Только сильнейший» фильміндегі қозғалыстармен шектелгендігі. Ептеп-ептеп, мәскеулік «үзеңгілестерімен» хат жазысып тұрады. Жиған-түйгенімен қызығушылық білдіргендерге капоэйраның әліппесін үйрете бастайды. Соңғы екі жылда Рүстам ресейлік, канадалық капоэйра шеберлерімен таныса бастайды. Тіпті ол жақтарға шақырту да алады. Сөйтіп, 2003-те алғаш рет семинарға ілігіп, тәжірибесін шыңдай түседі. Канадаға жолы түсіп, капоэйраға қажетті киім үлгілері мен аспаптарын әкеле бастайды.
Капоэйраның тағы бір ерекшелігі – оған қойылатын талаптардың көптігінде. Ән де айта білу керек. Міндетті түрде билей білу қажет. Португал тілін меңгеру де басты талаптардың бірі. Алғашында қызығушылық білдіріп келген жеткіншектердің ата-аналары келіп, мән-жайды сұрастырып көріпті. Көптің көзі жеткені сол, мұнда 5-6 үйірменің басы бірігетіндігінде: музыка, би, айқас, күрес, тіл меңгеру, өнер. Рүстамға капоэйрамен айналысу жөнінде сертификатты спорттың өсы түрінен бас маман Маркос да Силваның өзі берген.
Басты қағида – жүрекпен сене білу
Жаңа бір «әлем ашып алған» Рүстамның қазіргі жұмысына түсінбеушілікпен қарайтындар да жоқ емес. Ұлтжандымыз деп жүргендердің кейбіреулері «өзге ұлттың спорттық өнерін несіне соншама дәріптеп?!» деп жүргенін құлағымыз шалды. Рүстамның бар ойы – аяқ астынан тап болған қиындықты өз бойындағы күш-жігерімен жеңе білгендігін дәлелдеу. Тіпті спорт өнерінің бұл түріне үкімет тарапынан көңіл бөлу керек дегенді ойына да алмапты. Шыны керек, спорт комитетіндегілер «мұнда немен айналысады екен» деп қызығушылық танытыпты да. Әдемі өнер деп мерекелік шаралар кезінде сахналарға шақырады екен.
Рүстамның қағидасы – жүрекпен сене білу. Қиын кезеңде тапжылмай, алға тек үмітпен қарау керек. Бірақ өлшеулі өміріңде өз орныңды тауып, қоғамға қызмет ету керек. Мұхаммед (с.а.у.) Пайғамбарды адамзат үлгісі санайды. «Білгеніңді үйрету, білмегеніңді үйрену керек» дейді Рүстам.
Анықтама:
Капоэйра ХVI ғасырда Бразилияда бастау алған. 1500 жылдары тұтқынға түскен бразилиялық үндістер бодандықтан арылу мақсатында би аралас ұрыс түрін ойлап шығарса керек. Капоэйраның мәнісі – бостандыққа қол жеткізу жолында пайда болғандығында. Күрес өнерінің бұл түрі тек отаны саналатын Бразилияда ғана дамығандықтан, онда жыл сайын «Капоэйрадан Супер Лига» өткізіліп тұрады. Старейшиндер қазылық ететін бұл шарада үздіктер анықталып, атақ-дәрежелер беріледі. Капоэйрадағы тағыбір ерекшелік – мұндағы әуендерде Бразилия батырлары, капоэйра батырлары жырланады. Мысалы, «Паранауэ, паранауэ» деген өлең жолдарында капоэйраның дамыған жері, табиғаты әсем Парана даласы туралы баяндалады. Сондай-ақ, «Ангола», «Санта-Мария», Саубенти Гранджи» сынды әуендер қатары толығып отырады.
Асқар АҚТІЛЕУ
Ақтөбелік кәсіпкер қырғыз жерінде тұтқынға алынды March 9, 2009
Ақтөбе қаласының 36 жастағы кәсіпкері бес тәулік бойы қырғызстандық бұзақылардың тұтқынында болды. Амантай есімді бизнесменнің басының амандығы үшін қылмыскерлер 5 мың АҚШ доллары көлемінда өтем талап етіпті.
Сенімді ақпарат көздеріне сүенсек, қазақстандық екі кәсіпкер бір ай бұрын Бішкекке жол тартса керек. Іскер азаматтар Қырғызстан астанасында шаруаларын «дөңгелетпек» болыпты. Олар жергілікті 35 жастағы Рустам есімді жүргізушіні өздеріне көмекші етіп алады. Қаланы біледі, қолұшын береді деп шешсе керек. Өз қызметі үшін әлгі қырғыз азамат иың доллар ақы сұраған.
Есептесер уақытта ыңғайсыз жағдайлар туындайды. Бастапқыда мың долларға ымыраласқан Рустам көбірек ақы сұрайды. Бұл әрине, жұмыс берушілерге ұнаңқырамайды. Жұдырық жұмсауға жете қоймағанмен, жергілікті жүргізуші тарапынан «дұрыс есеп айырыспағаны» үшін қоқан лоққы көрсетіп, басқаша «сөйлесетінін» айтады.
Бір тәулік өтер-өтпестен әлгі жүргізуші Рустам Амантайдың ұялы телефонына қоңырау шалып, Ош базарының маңына шақырады. Уағдаласқан орынға жеткен кәсіпкерлерді тосып алған «меймандар» екі қазақстандықты екі жаққа әкетеді.
- Бішкек қаласының Ішкі Істер бөліміне көмек сұрап Қазақстан азаматы жолықты, – дейді астаналық қылмыстық іздестіру бөлімінің бастығы Жениш Джоробеков. – Мұндай өрескелдікке біз де жиі ұшырасамыз. Арызданушы азамат оның досын кепілге әкеткенін түсінбесе керек. Қоңырау шалып, ақы талап етпегенге дейін жағдай түсініксіз болды. Бопсалаушылар қазақстандық азаматқа қатал талаптар қойып тастады. 5 мың доллар тауып әкелуге екі тәулік белгілейді. Және, соңында, егер тәртіп сақшыларына жолығатын болса, досының өміріне қауіп төнетінін де ескеттуді ұмытпапты.
Бішкек құқық қорғаушылары аталған жағдай туралы қазақстандық әріптестеріне хабар жеткізуге асыға қоймапты. Өйткені, осы жайтқа қатысты кішкене де болса ақпараттың тарап кетуі біздің жерлесіміздің (ақтөбелік кәсіпкердің – ред.) өміріне, шынында қауіп төндіруі мүмкін еді. Оның үстіне, ресми құжаттар толтыруға қырғыз полицейлерінің уақыты да бола бермепті.
Аз уақыттың ішінде барлаушылар ең болмағанда жүргізушінің жеке басын анықтау керек деп шешеді. Онымен сыбайлас кісілерді сұрастыра келе, басты қылмыскердің елдің оңтүстігіне бет алғандығына көз жеткізеді. Сөйтіп, Джалал-Абад облысына Бішкек қалалық ІІБ ұйымдасқан қылмыспен күрес басқармасының төрт қызметкерін ісссапарға аттандырады.
- Ең алдымен жергілікті тәртіп сақшыларымен хабарластық, Базар-Қорған ауылында сырттан бөгде кісі келсе, әңгіме тез тарайды. Сондықтан екі тәулік бойы
Көліктен шықпай, қылмыскер тұрақтаған үйді аңдыдық, – дейді тұтқынды босатуға атсалысқан тәртіп сақшылары.
Осы уақыт ішінде жергілікті сақшылар аталған мекен-жай бойынша Рустамның тұратынына көз жеткізеді. Ол бірнеше ай бойы Бішкектен адам тасымалдаған, алайда соңғы күндері жолға шықпапты. Ол аздай үйіне бейтаныс адамдарды ертіп келген.
Мән-жайды анықтаған полицейлер тұтқынның осы үйде ұсталып отырғанына сенімді еді. Құтқару операциясы ел жатқанда жүзеге асырылды. Атыс-тартыс, айқай-шу болмады. Қол аяғы байланған Амантай босатылады. Ұрылармен бірге оны Бішкекке жеткізеді.
- Жәбірленушінің сөзіне қарағанда, ол тіпті өзінің ұрланғанына сенбепті, – дейді Женыш Джоробеков. – Бизнесмен-достарды Ош базарынна екі жаққа айырып, Амантайдың мойнына 5 мың доллар ілініп кете барады. Базар-Қорған ауылына жеткізіп, алғашқы күндері сарайға қамайды, кейін қол-аяғы байланған оны үйгекіргізеді. Қасында әрдайым қарауыл болыпты. Тәртіп сақшылары бүгінде өзге ұрыларды анықтауға кірісіп кетті. Ал жәбірленушілер тергеу жұмыстары аяқталғанша, жалдамалы пәтерге орналастырылды. Сақтық ретінде күзет қызметі күшейтілді.
Асқар Ақтілеу
Еркін НҰРЖАНОВ: «Жігіттерден» сынық ине де алған жоқпын November 22, 2008
Еркін НҰРЖАНОВ: «Жігіттерден» сынық ине де алған жоқпын (more…)
