Еркін НҰРЖАНОВ: «Жігіттерден» сынық ине де алған жоқпын – Еркін, «Жігіттер» тобынан не себептен кеткеніңді айта аласың ба? – Әр адамның басында өзіне ғана белгілі жағдайы болады. Одан бейхабар жұрт әртүрлі жорамал жасап, әркім өзінше пайымдайды, өзінше тұспалдайды. Мен ешкімнің мұндай пікіріне қосылып, құптай алмаймын. Елдің ойына қарсы да шықпаймын. Бұл жерде қасымдағы жігіттердің еш кінәсі жоқ. Арамызда ешқандай кикілжің, алауыздық болған емес. Ақша мәселесінің де қатысы шамалы. Тек өз басымдағы жағдай, оны жалпақ жұртқа жария еткім келмейді. – Саған сол кезде «асығыс шешім қабылдама» деп басу айтқандар көп болды ма? – Әрине, барлығы өнерге жаны ашығандықтан, менің топтан кеткенімді қалай қойған жоқ. Кінәлаған кісілер де болды. Осы қадамыма сынай қарап, теріс пікірлер айтылып жатты. Оң көзқарас білдіргендер де кездесті. Ақыл айтушылар да табылды. Одан қашқан жоқпын. Мен бәрін дұрыс қабылдап, дұрыс түсінуге тырыстым. Бірақ өз шешімімді өзгертпейтінімді жеткіздім. – Одан бері он шақты айдың жүзі өтті. Бұл – өткенді саралап, болашаққа көз жүгіртетін уақыт. Квартеттен кеткеніңе өкініп жүрген жоқсың ба? – Өкінішім жоқ. «Кеткенім жақсы болды» деп қуанбаймын да. Тек қимастық бар. – Топтан бөлінгеннен кейін біраз уақыт неге үнсіз қалдың? – Өйткені маған бәрін жаңадан бастау керек болды. Менде жеке орындауда ән жоғы белгілі. Бір ғана «Ақ бұлт» әні бар болғанымен, онда да оның авторлық меншігі менде емес-тін. Сондықтан біршама уақыт ән іздедім. Қиындықсыз ештеңе болмайды, біраз қиналдым. Барлығын қайтадан бастауға тура келді. Бірақ Құдайға шүкір, Алланың құдіретімен бәрі дұрысталды. Ең бірінші көше әні «Қалқатайды» жарыққа шығардым. Өлеңін өзім шығардым. Одан кейін Жарылқасын Дәулетовтің «Кеш мені» әнін жазып, Ташкентте клип түсірдім. Туындының режиссері – Баһадүр Юлдашев. – Журналистермен сұхбаттасқың келмеген сәттер болған сияқты… – Иә, алғашқыда ешкімге интервью бергім келмеді. Себебі журналистердің бірінші сұрағы «Топтан неге кеттің?» болатын. Мен соны қозғағым келген жоқ. – Қазіргі продюсерің кім? – Шынымды айтсам, продюсерім жоқ. «Басқа продюсер тауыпты, топтан сол үшін кетіпті» деген – ұзынқұлақтың әңгімесі. Ал демеушім бар. Шығармашылығымның дамуына да, жеке өміріме де қол ұшын созып жүрген – досым Ерік. Екеуміз туысқан болып келеміз. Ол әлі күнге қаржылай да, моральдық та көмегін аяған емес. Аяқалысымыз жаман емес сияқты. Қазір он үш әннің басын құрап қойдым, енді екі ән жазсам, алғашқы альбомым жарық көреді деген үміттемін. Ән жинақ шыққан соң, халықтың бағасын біліп, әртүрлі пікірлерді қорыта келе, жеке концерт беретін боламын. «Сабақты ине сәтімен» дегендей, ол Алла сәтін салған күні болып қалар. – Қандай авторлармен жұмыс істеп жатырсың? – Композиторлардан Жарылқасын Дәулетовпен тығыз шығармашылық қарым-қатынастамын. Репертуарымдағы әндердің басым бөлігі сол кісінікі. Ақындарға тоқтала кетсем, Жарылқасын Дәулетовтің «Ұлыма» әнінің өлеңін Жүрсін Ерманов жазған. Жүрсін ағамыздың тағы бір өлеңіне ән туып тұрған секілді. Бұйыртса, эфирге шығатын болады. Әбдікәрім Манапов «Иіскейін», «Айнам-ау» әндерін ұсынды. – «Жігіттер» тобынан кеткенде еншіңе не алдың? – Сынық ине де алған жоқпын. Қаншайым БАЙДӘУЛЕТОВА